https://www.oinet.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=36&id=12449
Қазақта екі Әбілқайыр бар Төле би қызметтес болып араласқан сол дәуірдегі билеушілерді санамалап көрейік. Үлкен орданың хандары: Иман хан, Рүстем Баһадүр хан, Абдулла хан, Жолбарыс хан, Тұрсын хан, Әбілқайыр хан, Әбілпейіз хан, Ұлы орда хандары: Тәуке хан, Қайып хан, Болат хан, орта орда хандары Сәмеке, Әбілмәмбет, Сейіт, кіші орда хандары Әбілқайыр, Ералы, Қоқан хандығының бектері Абдул Керім би, Ердана би, атақты билер Қазыбек, Әйтеке, Сасбұқа, Жайма, Мұхаммед, Мүсірәлі пір, қырғыз Тиес және өзінің қолдауымен кейіннен бүтін қазақтың ханы болған атақты Абылай. Ең бір өкініштісі, тарихшылар мен зерттеушілердің XVIII ғасырдың басында екі Әбілқайырдың өмір сүргендігіне назар аудармауы. Қайып хан қайтыс болғанша қазақ сарбаздарының сардары Әбілқайыр Абдуллаұлы болды. Тарихта оны “Қарт Әбілқайыр” атайды. Алғашқы жоңғарлармен болған шайқастардағы жеңістер мен жеңілістердің басында осы Әбілқайыр болған еді. Тарихшылар барлық уақиғаларды анық-қанығына жетпей Кіші жүзді хан болған Әбілқайыр Қажыұлына таңып келеді. Бұл ара-жікті тарихи дәлдікпен ажыратуымыз керек. “Қарт Әбілқайырдың” билеушілік тұлғасымен тарихи орнын бағалауға тиіспіз. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жатқан да осы атақты қарт Әбілқайыр хан. Сөз реті келгенде, мынадай мәселеге де назар аударғым келеді. Біздің даңқты би, жырауларымыздың ата-бабалары кедей, момын, мал баққан адамдар болыпты. Таңқаласың, әлі де сол дендеген кеңестік идеологиядан арыла алмай келе жатқанымызға. «Бұқар жырау зерлі қамқа тонды кимеген, жорға мініп жүрмеген, жігерін құм қылған жоқшылық, шайпау қатын, қуғын-сүргін өмірді тағдыр оның маңдайына жазыпты», - бұл марқұм академик Манаш Қозыбаев ағамыздың сөзі. Төле бидің атасы Әлібекте төрт ешкі айдаған, «Қарашоғыр» шаруа болыпты. Міне біздің жеткен жеріміз. Осындайда Майлықожа ақынның «он екі ата билігі үзілмеген Төленің» деген бір ауыз сөзі еске түседі. Текті атадан текті ұл туатынын әлемдік ғылым дәлелдеген емес пе? Ұлы тұлғалардың барлығы текті әулет ұрпақтары екендігін мойындаған жөн. Зерттеушілердің, әсіресе тарихшылардың әрбір сөзге абай болғаны мақұл. Сөз етіп отырған Әлібек Абылай ханның атасы “қанішер Абылаймен” тұстас болды, ол Ферғана, Әндіжан аймағын билеп тұрғанда, одан соң Ташкентте қызметте болғанында бір-бірімен сырлас болып бірін-бірі қолдап отырған. Атақты Төле бидің Ақшора, Ақбота атты бауырлары болған. Соның ішінде Әлібектің ісін жалғастырған ділмар шешен, адуынды би Ақбота еді. Оның Хожанд, Андижан өңірлерінде билікке араласуына осы “қанішер атанған Абылай сұлтан” көп жәрдем бергені баянаттардан аңғарылады. Уақыты жеткенде бұл бабаларға қатысты құжаттарды сөйлетеміз. Біз сөз еткелі отырған әнгіме желісі Төле би ғұмырына байланысты деректі дәйектің Қытай жылнамасы арқылы бізге жетуі. Қытай жылнамалары немесе тарихи жазба деректері өзінің молдығы және жүйелілігімен әлемге әйгілі екендігі баршаға мәлім. Солардың ішінде қазақ халқының тарихына қатысты дерек көздерінің қайда жатқандығы көпке белгілі емес.